Маңғыстауға шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді.

Соңғы жылдары өңір экономикасына қаржы құйғысы келетін инвесторлардың қатары артып отыр. Соның бірі – Қытайдың «Blac stone» мұнай сервис компаниясы. Олар «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндіріс ашуды жоспарлауда. Жоба – тауарлық мұнайды дайындауға арналған химиялық реагенттер шығаратын зауыт салу. Осы мақсатта компанияның бас директоры бастаған делегация арнайы экономикалық аймақтың өкілдерімен кездесіп, жобаның әлеуетін талқылады. Әзірге бұл – танысу және пікір алмасу деңгейіндегі алғашқы кездесу. Егер жоба жүзеге асырылса, Маңғыстау экономикасына жаңа серпін беріліп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Айта кетейік, «Ақтау теңіз порты» АЭА көптеген жеңілдік бар – келген компаниялар корпоративтік табыс, мүлік, жер салығы мен импорттық қосылған құн салығынан (ҚҚС), кедендік баждардан босатылады. Ал жобаларға толық әкімшілік және техникалық қолдау көрсетіледі. Бүгінде экономикалық аймақта 28 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағына тартылған инвестициялар көлемі 10,2 млрд теңгеге жетті. Ал өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет 34,5 млрд теңге, мемлекетке түскен салық көлемі 3,2 млрд теңге, экспорт көлемі 72 млн теңгені құрады. Екі жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орыны ашылды. «Ақтау теңіз прты» АЭА баспасөз қызметі. 

Желілерде бөлісу:

  • 305