ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЭЫДҰ: ӨЗАРА ТИІМДІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛЫНДА

 

Н. Құлбатыров Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы 2008 жылы Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы (ЕБҚБ) аясында бастау алып, Орталық Азия бастамасында 2013 жылдан 2016 жыл аралығында тең төраға ретінде жалғасын тапқанын айтып өтті.

ЕБҚБ инвестициялар тарту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және жеке кәсіпкерлікті дамыту мақсатында іске асырылады. Бағдарлама ЭЫДҰ стандарттары мен құралдары негізінде іскерлік ахуалды жақсарту саясатын әзірлеу үшін өңір елдеріне көмек көрсетуге бағытталған.

Н. Құлбатыровтың пікірінше, 2015 жыл Қазақстан мен ЭЫДҰ ынтымақтастығының жаңа кезеңіне айналды. Тәжірибемен алмасудың жаңа сапалы платформасы болып табылатын Елдік бағдарламаға қол қойылды. Осыған ұқсас бағдарлама әлемнің үш елінде – Перуде, Мароккода және Қазақстанда жүзеге асырылуда.

«Елдік бағдарлама аясында Қазақстан Республикасы ЭЫДҰ-ның бірқатар құралдарына қосылып, оның құрылымдарының жұмысына қатыса алады. Бағдарлама арқылы көбінесе адам капиталын дамытуға, ШОБ-тің қаржыландырылуына, сонымен қатар инвестициялар тарту мен қолдау көрсету саласының саясатын жетілдіруге бағытталған жобалар іске асырылады», - деді сарапшы.

Айта кету керек, Елдік бағдарлама Қазақстанның ЭЫДҰ-ның 29 декларациясы мен ұсыныстарына қосылуын, сонымен қатар ҚР-ның әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің 13 шолуын жүргізуді қарастырады.

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі ЭЫДҰ Елдік бағдарламасының 29 құқықтық құралының 21-не қосылуға бастамашылық білдірді. Сол 21-дің 10 құқықтық құралына қосылу бүгінде құпталды. Құқықтық құралға қосылу ұлттық заңнаманы ЭЫДҰ елдерінің алдыңғы қатарлы тәжірибесіне сәйкестендіру дегенді білдіреді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда ынтымақтастықтың Елдік бағдарламасы аясында, 13 шолудың ЭЫДҰ-нан 11 шолу бойынша алдын ала жасалған есептемесі алынды, 2 шолу бойынша алдын ала есептемені 2017 жылғы ақпан-наурыз аралығында алу жоспарланған.

«Біз қазірдің өзінде ЭЫДҰ сарапшыларының ұсыныстарын ұлттық заңнама мен стратегиялық құжаттарды жетілдіру арқылы іске асыруды бастап кеттік. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ЭЫДҰ-ның үздік тәжірибелері мен стандарттарын ескеру арқылы әзірленген», - деді Н. Құлбатыров.  

Бұдан өзге, Елдік бағдарлама қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі шолулар мен құқықтық құралдар аясында берілген ЭЫДҰ ұсыныстарын іске асыру бойынша ұлттық Жол картасын әзірлейді.

Н. Құлбатыровтың айтуынша, аталған бастамаларды сәтті іске асыру үшін Қазақстанның мемлекеттік органдарының ЭЫДҰ-ның жұмысшы органдарымен және комитеттерімен жүйелік өзара іс-қимылы құрылған. Осылайша,  биыл Қазақстан ЭЫДҰ-ның бір жұмысшы органы мен үш комитетіндегі мәртебесін арттырды.

Еске сала кетейік, 2016 жылы Париждегі Еуразия аптасы аясында келесі Еуразия аптасын Алматыда өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Бұл Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығын кеңейтудегі маңызды қадамы болып саналады.

 












Қайнар көзі: primeminister.kz


Желілерде бөлісу:

  • 5425