Құрық порты – Қазақстанның заманауи көлік-логистикалық хабы

Аумағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына кіретін «Құрық порты» ЖШС Каспий теңізіндегі Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі болып табылады. Порттың дамуы елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағытының тиімділігін күшейтуге бағытталған.

Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Жалпы аумағы 97,6 гектарды құрайды, инфрақұрылымында сегіз айлақ бар. Нақты өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға дейін жетеді.

Порт арқылы мұнай өнімдері, астық, металл бұйымдары, химия өнімдері, дөңгелекті техника және басқа да экспорттық, импорттық және транзиттік жүктер тасымалданады. Сондай-ақ теміржол және автомобиль паромдарына қызмет көрсетіледі.

Соңғы жылдары портта бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Теңіз түбін тереңдету нәтижесінде акватория тереңдігі 8 метрге дейін жеткізіліп, Құрық порты Қазақстандағы ең терең теңіз портына айналды. Сонымен қатар жылына 1 млн тоннаға дейін жүк өткізуге мүмкіндік беретін астық терминалы пайдалануға берілді.

№1 және №2 айлақтардағы көтергіш-өтпелі көпірлерді жаңғырту нәтижесінде теміржол паромдарын өңдеу уақыты 18 сағаттан 12 сағатқа, автомобиль паромдарын өңдеу уақыты 10 сағаттан 6 сағатқа дейін қысқарды. Теміржол паромдарының сыйымдылығы 48 вагонға дейін, автомобиль паромдарының сыйымдылығы 40 автокөлікке дейін артты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша порт арқылы 1,956 млн тонна жүк өңделді. Оның 1,060 млн тоннасы теміржол, 660 мың тоннасы автомобиль бағытына тиесілі болды. Астық терминалы арқылы 236 мың тонна астық өткізілді.

2026 жылдың алғашқы алты айында жалпы жүк айналымы 884,8 мың тоннаны құрады. Оның ішінде теміржол бағыты бойынша 475,5 мың тонна, автомобиль бағыты бойынша 306,2 мың тонна, астық терминалы арқылы 104,1 мың тонна жүк өңделді.

Құрық портының «Ақтау теңіз порты» АЭА құрамында дамуы порттық және көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. 

Желілерде бөлісу:

  • 575