Маңғыстауда полимер және өнеркәсіптік құбырлар өндірісі қарқынды дамып келеді

Маңғыстау облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Ақтау Полимер» ЖШС жүзеге асырып отырған өндірістік жоба.

Кәсіпорын арнайы экономикалық аймақтың №3 субаймағында орналасқан. Жалпы аумағы 3,2 гектарды құрайтын өндіріс орнына бүгінгі таңда 951 млн теңге инвестиция тартылған. Жоба аясында үш өндірістік бағыт іске асырылуда.

Кәсіпорын 2011 жылдан бері полиэтилен және алдын ала оқшауланған құбырлар өндірумен айналысады. 2020 жылы өрт сөндіруге арналған «BIZONE» газұнтақты модульдерінің өндірісі іске қосылды. Ал 2023 жылдан бастап сорғы-компрессорлық құбырлар шығару жолға қойылды. Кәсіпорынның негізгі қызметі пластмасса және резеңке бұйымдарын, өнеркәсіптік жабдықтарды, сондай-ақ болат құбырлар мен профильдерді өндіруге бағытталған.

Жобаның өндірістік қуаты жылына 2,6 мың тонна полиэтилен құбырларын және 2,3 мың тонна сорғы-компрессорлық құбырларды шығаруға мүмкіндік береді. Жалпы жылдық өндірістік әлеуеті шамамен 1,6 млрд теңгені құрайды. Өндіріс орнында бүгінде 46 тұрақты жұмыс орны бар.

«Ақтау Полимер» жобасы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, импортты алмастыруға, жаңа технологияларды енгізуге және Маңғыстау облысында өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беретін маңызды инвестициялық бастамалардың бірі болып саналады. 

Желілерде бөлісу:

  • 510