ЕЛБАСЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

рус/eng

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Елбасы алдымен өңір активімен кездесті. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Каспий маңы аймағының тарихи, мәдени, рухани-идеологиялық, геосаяси маңызын ерекше атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің мұнай өндіру индустриясын, инфрақұрылым және көлік-логистика әлеуетін дамыту ісінде Маңғыстау облысының ұлттық экономикаға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.

- «Бұл облыс «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Мұнда әуе, авто, темір жол, паром және теңіз көліктерінің желісі тоғысқан. Атап айтқанда, халықаралық әуежай, «Жезқазған–Бейнеу» және «Өзен–Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржолдары, «Атырау–Ақтау» автомобиль жолы салынып, заманауи Ақтау теңіз порты және Құрық паром кешені іске қосылды. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін болады», – деді  Қазақстан Президенті.

Алқалы жиында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өңір экономикасының тұрақты өсу динамикасы сақталған. Өсім «Индустриаландыру Картасы» мен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы жобалардың іске асуымен байланысты. Индустриаландыру картасы іске қосылғаннан бері (2010-2018 жылдың 6 айы) облыс бойынша 42 жоба пайдалануға беріліп, 392 млрд.теңге инвестиция тартылды, 4 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Іске қосылған жобалар 354 млрд.теңгенің өнімін шығарды. Бүгінгі таңда жобалық басқару аясында инвестициялық құны 418 млрд.теңге болатын  89 жоба жүргізілуде.  

- ««Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары да аймақ экономикасының өсуіне әсер етті. 2005 жылдан бері республикалық және жергілікті маңыздағы 600 километр жол жөнделіп, салынды. Ал, 2020 жылға дейін 213 километр жол пайдалануға беріледі. Бұл жобалардың жүзеге асуына 3 мың адам жұмылдырылды. Қазір өңірдегі автомобиль жолының 92% қанағаттандырарлық жағдайда. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында соңғы екі жылда(қыркүйек 2016 жыл –маусым 2018 жыл) 1 миллион 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 916 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Облыс экономикасының дамуына Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде айқындалған іс-шаралар да оң септігін тигізуде. Тұрғын-үйді пайдалануға беру өсімін жыл сайын 10%-ға арттыра отырып, 2025 жылға дейін облыстың әрбір тұрғынын 30 шаршы метр баспанамен қамтимыз. 5 жылға арналған яғни, 2023 жылға дейін өңірдің перспективалық даму жоспары жасақталды. Тау-кен өнеркәсібі әлі де негізгі сала болып отыр. Бұл саланың дамуын 101% ұстап отырамыз. Біз жергілікті индустрияны дамытуға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібінің белсенді дамуын жалғастырамыз. Мысалы, 2017 жылы облыстың компаниялары жұмыстар мен қызметтердің, тауарлардың 30%-ын сырттан сатып алды. Мұның барлығы 500 млрд теңге. Бұл аймақта 2,5 миллиард теңге қалдыруға мүмкіндік беретін алғашқы «пилоттық жоба». Жоба аясында  ресейлік компаниямен бірлесіп, «Өзенмұнайгаз» компаниясына сорғы дайындалады. Тағы бір маңызды бағыт - көлік және логистиканы дамыту. Егер биыл Құрық айлағындағы контейнерлік тасымалды 1,5 млн. тоннадан 4 млн. тоннаға дейін көбейтсек, онда 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 60 есеге артады», деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, отырыста өңірдің зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер мен белсенді жастар сөз алып, орамды ойларын ортаға салды. Кәсіпкер Дмитрий Клинчев Елбасыға аймақ кәсіпкерлері атынан алғысын айтып, «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасының ұтымды тұстарына тоқталды. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында 1% жеңілдікпен 3 млрд теңгенің 164 жобасы қолдау тапты. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар оң нәтижесін беруде. Биыл шағын несие бері 2,5 есеге өсіп, 2 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша шағын бизнесті қолдауға арналған жалпы несиелік портфель 5 млрд теңгені құрады.

Жалынды жастардың атынан Бекболат Төлегенұлы сөз сөйледі. Зерделі жас Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында аймақта қолға алынған жобаларды тізбектеді. Туған жерге тағзым ретінде мемлекеттік бюджеттен тыс ел азаматтарының демеушілігімен 12 млрд-қа жуық қаражат халық игілігіне жұмсалып, облысымыз бұл көрсеткіш бойынша республикада көш бастап тұр. Атап айтқанда, 30 спорттық кешен мен алаңдар бой көтеріп, 50 орта мектеп қажетті спорттық құралдармен қамтамасыз етілді. Жас мамандарға арналған 500 орындық 2 жатақхана салынды. Шөлейтті мекенді көгалдандыру және мектеп оқушыларын еңбекке баулу мақсатында «Жасыл мектебім, жасыл мекенім» жобасы іске асуда. Қазіргі таңда мектеп жанында 19 жылыжай бой көтерді. Облысымыздағы барлық мектептерде 134 жылыжай салынады. Сонымен қатар, мектеп түлектері өз ауылдарына 11 демалыс алаңдары мен саябақтарды табыс етті. 

Облыс әкімінің есебінен соң, Елбасы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты екенін атап өтіп, одан әрі пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

«Экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу керек. Ол үшін экономиканы диверсификациялап, қызмет көрсету мен өңдеу секторын дамытуды қамтамасыз ету қажет. Мысалы, мұнда жалпы көлемі 2 мың гектар болатын «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Мемлекет оның инфрақұрылымын дамытуға қажетті қаражат бөлді. Енді оның жұмысын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек», – Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындары ашу, сондай-ақ өндіріске жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу жөнінде тапсырма берді.

Қазақстан Президентіне облыстың инвестициялық жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, жіп иіретін және мата өндіретін зауыт, Жаңаөзен қаласындағы газтурбина электр станциясы, Құрық селосындағы ауыз су зауыты, «МАЭК КАЗАТОМПРОМ» ЖШС аумағындағы бу-газ қондырғысы, Түпқараған ауданындағы жел электр станциясы, Ақтау экоқаласы және басқа да нысандар. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 7992