СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН МАҢҒЫСТАУҒА КЕЛДІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында, сондай-ақ мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жүргізіліп жатқан реформаларды ескере отырып, бүгін Маңғыстау облысына ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған бір топ сенаторлар келді. Депутаттар ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ҚР Қарулы Күштері, Теңіз күштерінің қызметімен және Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жұмысымен танысты. 

Сенаторлар алдымен облыс орталығындағы 29011 әскери теңіз базасына барды. Әскери қызметшілермен тілдесіп, жұмыс барысымен танысты.

Одан кейін, Ақтау халықаралық теңіз сауда портына арнайы барып, даму перспективасымен танысты. Ақтау теңіз порты – Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Өндірістік қуаты - 17,7 млн. тонна. Порттың аумағы 79700 метр квадрат болатын ашық алаңы мен аумағы 2 мың метр квадрат болатын жабық транзиттік қоймасы бар. Сыйымдылығы 12,5 млн. тоннадан дейін 13 мың тоннаға дейінгі танкерді алуға қабілетті төрт мамандандырылған мұнай құю айлағы, жалпы жүк тасымалына арналған үш әмбебап айлақ, сондай-ақ қуаттылығы 2,5 млн. тоннаға дейін «Ro-Ro» кемелерін, қуаттылығы 2,0 млн. тонна болатын теміржол паромдық кешенін және жылына 700 мың тонна астық терминалын мамандандырылған айлаққа алып шығарды.

Одан кейін Ақтау теңіз айлағында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының сыртқы байланыстар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Онда Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштері мен Қарулы Күштерінің қызметі туралы мәселелер қаралды. Басқосуда Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, вице-адмирал Ж.Жанзаков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары, ҚР Шекара қызметінің директоры Д.Дилманов және Ақтау халықаралық теңіз сауда портының президенті А.Туркпенбаев қатысып, сөз сөйледі.

Жиыннан кейін депутаттар «Сарбаз», «Қарағанды», «Алатау» және «Орал» кемелерінде болып, теңізші сарбаздардың жұмысымен танысты. Кейін «Сарыарқа» әскери кемесімен ашық теңізге шықты.

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 5377