Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Сооронбай Жээнбековке ризашылық білдіріп, Қырғыз Республикасы Президентінің алғашқы сапары екі ел арасында орныққан дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстан қарым-қатынастарының тарихи тұрғыдан достық сипаты бар екенін айтты.
– Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас әрі одақтас мемлекеттер. Біздің арамыздағы барлық салада сындарлы және сенімді диалог орнаған, – деді Қазақстан Президенті.
Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызғаны үшін және өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны үшін алғыс айтты.
– Менің Қазақстанға бірінші сапарым қос мерейтой – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы мен Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығы қарсаңында өтуде. Біздің тарихымыз да, тіліміз де, дініміз бен мәдениетіміз де бір, – деді Қырғызстан Президенті.
Мемлекеттер басшылары кездесу соңында бүгінгі келіссөздер мен олардың қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қайнар көзі: akorda.kz