МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН-ӨЗБЕКСТАН БИЗНЕС-ФОРУМЫ ӨТТІ

 Маңғыстау облысына іскерлік сапармен келген Өзбекстан Республикасы Хорезм облысының кәсіпкерлері ең алдымен Құрық портына барды. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының бизнес-қоғамдастығы да қатысты

 Заманауи үлгідегі порт ұзындығы –160 м, ені – 17,5 м болатын кемелерді қабылдауға қауқарлы. Авто көлік айлағы арқылы 1,9 млн тн жүкті өткізіп, тәулігіне үш кемені жөнелте алады. Ал, темір жол айлағында 4,1 млн тн жүкпен тәулігіне 5 кеме аттандыруға мүмкіндік бар. Баку, одан әрі Еуропа елдеріне жол тартатын жүк тасымалына өзбек ағайындардың қызығушылығы артып отыр.

Іскер топ Құрық портының әлеуетін көзбен көріп, су көліктерінің тұрағы, құжаттарды рәсімдеу залы, ауыр салмақты әрі аса ірі көлемді жүктерді тиейтін қызмет орындарын аралап шықты.

Сонан соң «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өзбек тауар өндірушілерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған жеміс-жидек пен көкөністің сан түрі, азық-түлік, құрылысқа қажетті заттар мен тоқыма бұйымдары қойылды. Сапасы жоғары, ал құны төмен тауарларды өзбек ағайындар Маңғыстауға тасымалдауды жоспарлап отыр. Тек қана көкөністі жеткізу мақсатында 2 млн АҚШ долларының келісім шарты жасалды. Енді аптасына бір рет Маңғыстауға 20 тонна көкөніс жеткізілетін болады. Өзбек кәсіпкері Тулганай Сапарбаеваның айтуынша, 2 млн долларды құрайтын тауарды тасымалдау үлкен олжа. Келісімшарттың бір жылға дейін күші бар. Егер ісі алға басса, ұзақ мерзімді келісімге келуге дайын.

 Ал, Маңғыстау Хорезмге балық өнімдерін жібереді. Бұл қос тарап арасында өткен жылы жасалған меморандумның нәтижесі.

«Балық өсіру өте қиын кәсіп. Соған қарамастан өз ісімді дамытуға дайынмын. Өзбек әріптестеріммен  өз жұмыс әдісімді үйретуге қарсы емеспін», – дейді жергілікті кәсіпкер Тұрсынгүл Жақыпова

Іс-шара аяғы өңіраралық бизнес-форумға жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары Н. Қилыбайдың сөзіне сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында екіжақты тауар айналымы 3 763 060 АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 29 % артқан. Оның 2 млн 256 мың доллары экспорттың үлесінде болса, 1,5 млн доллары импорт. Импорттың негізгі түрі – жеміс-жидектер мен көкөністер, ал қара металл, құбырлар мен көлік құрылғылары экспортталады. Ақтауда өзбек сауда үйін құру арқылы екі ел арасындағы сауда байланысы нығая түспек.

Нұрбек Қарасаев, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры:

«Сауда үйін Ақтаудан ашу жоспарланып отыр. Көрші ел өз өнімдерін жіберуге дайын. «Атамекен» палатасынан кеңсе береміз. Сонан соң өнімдерін қоятын қоймаларды да ұсынамыз. Өнімдердің өту көрсеткішіне қарай сауда үйінің көлемін қарастырамыз. Сөйтіп өзбек сауда үйі салынады.

Ал, Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Мурад Ваисов:

«Қазақстандық әріптестермен байланысымыз терең болады. Кәсібімізді кеңейтуге ниеттіміз. Тауар дер шағында жеткізіледі», – деп отыр.

Әріптестік байланыс аясында кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, туризм, көлік логистикасы салалары арасында өрбиді. Бұл Маңғыстаумен қатар Солтүстік Қазақстан облысы үшін де ұтымды болады. Бизнес форум Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Хорезм арасында сауда ынтымақтастығы туралы үш жақты меморандум жасалуымен қорытындыланды.


Қайнар көзі: http://aktau.atameken.kz 

Желілерде бөлісу:

  • 6448