ҚАЗАҚСТАН МЕН МАЖАРСТАН: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА 25 ЖЫЛ

 Тарихи тұрғыдан қарағанда, қысқа кезең ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан қарым-қатынас серпіні тараптардың Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығын дәйекті түрде дамытуға ұмтылысын көрсетеді.  

1992 жылы Мажарстан Қазақстан егемендігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі болды, ал 1993 жылы Будапеште Орталық және Шығыс Еуропадағы тұңғыш дипломатиялық өкілдігіміз ашылды.

Көпжақты диалогты кеңейту жолындағы күш-жігерімізге Президент Н.Ә. Назарбаев (1994 және 2007 жж.) пен Премьер-Министр К.Қ. Мәсімовтің (2014 ж.) Мажарстанға, сондай-ақ Президент П.Шмитт (2010 ж.) пен Премьер-Министр В. Орбанның (2013 және 2015 жж.) Қазақстанға сапарлары күшті серпін берді.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық сипатқа ие. Берік шарттық-құқықтық база, Стратегиялық кеңестің, сауда-экономикалық және құқықтық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың, сондай-ақ парламентаралық достық топтарының табысты қызметі екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге ықпал етеді.

Ширек ғасыр ішіндегі әріптестігіміздің арқасында сауда-экономикалық байланыс қарқынды дамып, бірқатар экономикалық жобалар ойдағыдай іске асырылды, тікелей инвестициялардың бірлескен ауыл шаруашылығы қоры құрылды, Астанада Мажарстанның Сауда үйі ашылды, біздің экономикамызға атсалысқан ірі инвесторлардың қатарына мажарлық «MOL» мұнай-газ компаниясы кіреді. 

Сонымен қатар, елдеріміз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты да нығайтуға мүдделі. Янош Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінде «Қазақстандық жол және Н.Ә. Назарбаев» құрметті кафедрасы, «Сечени» мажар ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылса, Алматыдағы № 154 жалпы білім беретін мектепке мажар түркітанушысы Иштван Мандоки Қоңырдың есімі берілді.

Екі елдің  жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің қатары ұлғайып келеді. Мажарлық студенттер қазақ тілін үйренсе, ал мажарлық профессорлар қазақстандық университеттерде дәріс береді. Екі елдің өнер қайраткерлері, ғалымдары мен спортшылары әртүрлі мәдени және спорт іс-шараларына белсенді қатысады.  

Екі елдің астаналарында Будапешт және Астана көшелері ашылды. Будапеште қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні қойылды.

Қазақстанда Мажарстанмен стратегиялық әріптестігіміз екі ел халқының игілігі, әлемнің мүддесі, қауіпсіздік пен тұрақтылық жолында одан әрі нығая беретіндігіне сенімді. 

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 5566